1,5 миллиардың есебінен жаңылған  Мұсабаев тағы 10 млрд. доллар сұрап отыр (видео)

/uploads/thumbnail/20170708174140472_small.jpg

(Мұсабаев дөрекілігі жалғасуда)

Кеше парламент отырысында баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаевты мәжіліс депутаттары сынның астына алды.

Соңғы он жылда Қазақстан ғарыш саласын дамытуға 1,5 миллиард доллар салым салған. Алайда Қазғарыштықтар тарапынан істің нәтижесі мен құйылған миллиард қаржының қайтарымы болмай шықты. Ал бұған наразы болған мәжілістегілер Мұсабаев басқарып отырған комитетті ауыр-ауыр сынның астына алған.

Сонымен мәселе қалай болды? "Қамшы" порталы Қазақстан және Ресейдің халық батыры Талғат Мұсабаев пен оның басқарып отырған комитетінің атқарған жұмыстарына талдау жасап көрді.

Ресми дерек көздерінде белгілі болғандай соңғы он жылдың ішінде бюджеттен ғарыш саласын өркендетуге 1,5 миллиард доллар қаржы бөлінгенімен, әзірге агенттік пен комитет тарапынан нақты бір нәтижелер байқалмайды. Ал комитет басшысы Талғат  Мұсабаев болса, мұндай деректерге қымсынбайтын көрінеді. Әрине, ұсақ та болса атқарылып жатқан жұмыстар жоқ  емес. Мысалы, Мұсабаевтың айтуынша, былтырғы  жылы Қазақстан жерді қашықтықтан зондтайтын  (шатырлайтын) екі бірдей жер серігін ұшырған.  (Айтпақшы, оның өзі француздардан сатып алынған) Біріншісі, жоғары сапалы ҚазЕО-Сат 1 және орта деңгейдегі ҚазЕО-Сат-2.  Десе де, бұл жер серіктерінің екеуін де өзіміздің меншігімізге өткізе алмай отыр екенбіз. Ол үшін қосымша құн салығы төленуі тиіс. Ал қазір қаржы мәселесі шешілмей тұр. Демек, ұшырылған жер серіктерінен Қазақстанға келіп-кететін пайда жоқ деп топшылауымызға әбден болатын секілді. Оған қоса, бұған дейін ұшырылған "Бәйтерек, "Ишим", "Қазсат-1" жобалары да толықтай жабылып қалған. Айтпақшы, 2008 жылы 26 қарашада дәл осы 7 миллиард 800 миллионға алынған "Қазсат-1" із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Ол да сұраусыз қалған еді.

Не болса да, атқарылған іс пен құйылған қаржының нақты нәтижесін көрсетпей жатып,  комитет басшысы Қазақстандағы ғарыш саласын жетілдіру үшін тағы 10 миллиард доллар қажет екендігін айтқан.

Айтпақшы, Мұсабаевтың сөзіне сенсек, осыдан 6 жыл бұрын Қазақстан мен Франция ғарыш саласында келісімге қол қойған. Ақырында Қазақғарыш жерді қашықтықтан шатырлайтын жаңа жүйе жасап шығарған. Комитет басшысының айтуынша, бұндай жүйенің ТМД елдерінде баламасы жоқ. Тіпті, ғарыш саласы жақсы дамыған деген ресейліктердің өздері бұндай жүйені әлі жасап үлгермеген. Қазірдің өзінде, сол ресейліктер ғарыштан түсірілетін суреттерді бізден сатып алуға ниетті екен-мыс. Осының бәрін тізбектеген Мұсабаев француздардан сатып алынған спутниктердің теңдессіздігін жеткізіп бақты. Әлде, жұмсалған қаржының есебін толтыру үшін мақтауын асыруға тура келді ме?..

Әйтеуір парламенттен мәз болып шыққан Мұсабаев мырза, әдеттегідей журналистерге қыр көрсетті(публикаға ойнау).Ол бұл әрекеті арқылы журналистерді күлкі етті ме, әлде өзін күлкіге қалдырғысы келді ме? Белгісіз... "аа-аа ее-ее, рахмет рахмет, көп рахмет, ура ура, мені күтіп жатыр" деді де сыртқы шығып кеткен. Бұл атақты ғарышкердің абыройы мен азаматтығына сын болды. Жалпы Мұсабаевтың мұндай әрекеттеріне журналистер де, халық та, тіпті Мұсабаевтың өзі де үйреніп қалғандай. Тіпті, ол парламент депутаттарына "БАҚ деген жақсы ғой, бірақ олар жиі асыра сілтеп жібереді" деп шағымданған. Ал өзі болса, реті келсе, журналистермен жанжал шығаруды әдеткен айналдырып алғандай. Естеріңізде болса, Мұсабаев бірнеше мәрте журналисттермен ерегесіп, сөзге келіп қалған. Тіпті, "Қайда тұру керектігін сен бе маған үйрететін" деп журналист жігітке қол жұмсағаны әлеуметтік желілер мен отандық БАҚ-та қызу талқыға түскен. . Енді мына әрекеті тіпті ерсі көрінді. Иә, білдей бір комитетті басқарып отырған лауазымды адамнан мәселенің ақ-қарасын тікелей білу жөн-ақ. Алайда, отырыс соңына дейін телміре күткен журналистерге Мұсабаев мырза бұрылып та қарамаған.

Шындығында, комитет басшысының  басы даудан арылмай келуіне басқа-басқа емес, өзінің мәлімдемелері себеп болып келеді. Мысалы, ол ресейлік "известия" басылымына берген сұхбатында "Біз Байқоңырдан ресейліктердің кеткенін мүлде қаламаймыз. Байқоңырдың жұмысын тұрақты атқарып отыру үшін Роскосмостың көмегіне жүгінеміз. Ал егер Ресей Байқоңырдан кететін болса, Қазақстан өз алдына ғарыш айлағын игеріп кете алмайды" деп сұхбат берген. Рас, шындыққа тіке қарайтын болсақ, Қазғарыштың қазіргі жағдайы мүшкіл енені көзі ашық адамға айдан анық. Алайда, миллиард долларлап қаржы құйып отырған айлықты игеріп кету үшін Мұсабаев мырза бар күшін салып әрекет жасайтын болса... басқаша бажайлауымызға болар ма еді?..

Он жылда 1,5 миллиард доллардың жұмысынан нәтежие шығара алмау, тағы келіп 10 млрд. доллар сұрау ақылға сыйымсыз әрі естіген құлаққа түрпідей тиетіні рас-ақ. Оның үстіне Қазақстанда Аэроғарыш саласы салынған қаржыны ақтамайтынын Республикалық БАҚ бірнеше мәрте жазған болатын.

Айтпақшы, жоғарыдағы Мұсабаев мырза мақтаған француздық спутниктерді Франция билігі әлемдік масштабтағы әскери шараларға пайдаланбауды ескерткен. Демек, біздікі деп жүрген спутниктерді не мақсатқа қолдану, қолданбауды да шет елден сұрап отыруымыз керек деп топшылауымызға әбден болады.

http://www.youtube.com/watch?v=pi2IQVk16Go https://www.youtube.com/watch?v=6XWW0rzl-Ps

 Нұргелді Әбдіғаниұлы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар